Хвощ

Қырықбуын

шөбі

Химиялық құрамы
Қырықбуын шөбінің құрамында 25%-ға дейін кремний қышқылы (еркін түрде және суда еритін тұздар түрінде), фенолкарбон қышқылдары, флавоноидтер (эквизетрин, лютеолин-7-глюкозид, изокверцитрин, лютеолин, кемпферол-7-диглюкозид, кемпферол-3-глюкозид және т.б.), каротиноидтер, сапониндер, шайырлы және ащы заттар, стероидтер (кампестрин, α-ситостерин, изофукостерин, холестерин), органикалық қышқылдар (аконит, глицерин, глюкон, малон, фумар, хин, цикорий, қымыздық, алма қышқылдары), С дәрумені (190 мг%-ға дейін) бар.

Фармакологиялық қасиеттері
Қырықбуын препараттары несеп айдайтын, қан тоқтататын, қабынуға қарсы әсер көрсетеді және ағзадағы минерал алмасуын қалыпқа келтіреді. Несеп айдайтын құрал ретінде қырықбуынды жүрек жеткіліксіздігіне байланысты ісінулерде, несеп шығару жолдарының ауруларында (пиелит, цистит, уретрит), экссудативті плевритте қолданады.

Қырықбуын жүрек және ми қан тамырларының атеросклерозын, несептас ауруын, капиллярлар зақымдануын, сондай-ақ туберкулезді (өкпе және тері) химиятерапия кезеңінде емдеуде тиімді.
Минералды теңгерімді қалпына келтіруші құрал ретінде қырықбуын қарт адамдарға тағайындалады (ағзадағы кремний мөлшері жас ұлғайған сайын азаяды).

Қырықбуын – жатырдан, өкпеден, мұрыннан, геморрой кезіндегі және механикалық әсерден (тас, құм) болған несеп жолдары қан кетулерінде қолданылатын жақсы қан тоқтатқыш.
Препараттар сынаппен уланудың жедел және созылмалы түрлерінде (дезинтоксикациялық әсері дәлелденген), сондай-ақ дизентерияда да қолданылады.

Қырықбуын бүйрек үсті бездерінің қызметін ынталандырады, сондықтан оны Аддисон ауруында қолдану пайдалы.
Сонымен қатар, оны өттас ауруында, подаграда, ревматизмде, шонданай жүйкесі қабынғанда, жоғары қан қысымында, қант диабетінің жеңіл және орташа түрлерінде пайдаланады.

Қарсы көрсетілімдер: өнім компоненттеріне жеке көтере алмаушылық.